Астана. 4 ақпан. BM.KZ – Қайғылы жағдай Түркістан облысындағы Қостүйін станциясында болған. Теміржол қызметкері №77 жолаушылар пойызының астына түсіп, ауыр жарақатынан оқиға орнында жан тапсырды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, пойыз шамамен 78 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Қауіп туындаған сәтте машинист шұғыл тежегішті іске қосқанымен, теміржолшы жолдан шығып үлгермеген.
– Түркістан станциясының желілік полиция бөлімі абайсызда адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта іс бойынша оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
