Астана. 12 ақпан. BM.KZ — Шымкентте толассыз жауын-шашын соңы қарға ұласып, қала көшелерін су мен қалың қар басты. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшірілді.
Алайда Еңбекші ауданында қайғылы жағдай тіркелді. Елшібек батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында ағаштың бір бөлігі құлап, оның астында 4-сынып оқушысы қалған. Бала оқиға орнында көз жұмды. Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.
Қалада қалың әрі жабысқақ қардан ағаш бұтақтары сынып, кей аудандарда жарық уақытша өшкен. Бірқатар көшеде су жиналып, тұрғындардан 109 қызметіне шағымдар түскен.
Әкімдік мәліметінше, қалада 243 арнайы техника мен екі мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Магистральды көшелер мен әлеуметтік нысандарға кіреберістер тазартылып жатыр.
Мамандар тұрғындарды сақ болуға, көліктерді ағаштар мен электр желілерінің астына қоймауға және жолда қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
