Астана. 12 ақпан. BM.KZ — 14 ақпанда кейбір жұп Ғашықтар күнін атап өтеді. Сол себепті ІІМ ел азаматтарына үндеу жасап, сыйлық алу кезінде алаяқтардан сақ болуға шақырды.
Ғашықтар күніне орай көпшілік сүйіктісіне ерекше сыйлық дайындауға асығады. Мереке қарсаңында жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар туралы ақпарат көбейеді. Алайда мерекелік қарбаласты интернет-алаяқтар да өз пайдасына жаратып, жалған сайттар ашып, әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдауға тырысады.
ІІМ келесі ережелерді қатаң ұстануға кеңес береді:
- тауарды тек сенімді, тексерілген сайттар мен ресми маркетплейстер арқылы сатып алыңыз;
- әлеуметтік желілердегі немесе мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- шектен тыс төмен баға ұсынылса, абай болыңыз – бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін;
- сатушыдан тауардың нақты бар екенін растауды сұраңыз; бейнеқоңырау арқылы дүкеннің нақты мекенжайын көрсетуді өтініңіз. Алаяқтар көбіне мұндай талаптан жалтарып, оның орнына геолокация немесе өңделген фото жібереді;
- төлем жасау кезінде сақ болыңыз: ақшаны жеке шоттарға немесе күмәнді төлем жүйелеріне аудармаңыз;
- жеке деректеріңізді қорғаңыз. Бөгде адамдарға ешқашан парольдерді, SMS-кодтарды, CVV-кодты және банк картасы туралы толық мәліметті бермеңіз.
— Сақ болыңыз және алаяқтардың құрбанына айналмаңыз, — делінген хабарламада.
