Астана. 7 сәуір. BM.KZ — Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 4 адамды кене шақты, деп хабарлайды Kazinform.
Күн жылынғалы өңірде кене маусымы басталып кетті. 30 наурыз күні Лесхоз шағын ауданында кене шағудың алғашқы фактісі тіркелді. Ал 7 сәуірдегі жағдай бойынша, Риддерде кенеден 4 адам зардап шеккен. Оның үшеуі ересек, біреуі бала.
— Егер сізді кене шақса, мүмкіндігінше ертерек, нақты айтқанда төрт күннің ішінде медициналық мекемеге барып қаралыңыз. Онда кенені алып тастап, иммуноглобулин егіліп, ары қарай медициналық бақылауда боласыз, — дейді қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Гүлмира Мырзағараева.
Ауруханаларда кене энцефалитіне қарсы вакцина бар. Сонымен қатар кене шаққаннан кейінгі аурудың алдын алу үшін иммуноглобулин де жеткізілген.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан республикада кене энцефалитін жұқтыру қаупінің жоғары аймағына жатады. Өңірде аурушаңдық деңгейі Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен 4,1 есе жоғары.
