Астана. 8 мамыр. BM.KZ – Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан шайбалы хоккейден I дивизион әлем чемпионаты барысында Қазақстанның ерлер құрамасы Украина командасын жеңіп, элиталық дивизионда ойнау мүмкіндігіне ие болды.
4-тур аясындағы тартысты ойында Қазақстан құрамасы Украинамен негізгі уақыт пен овертаймда 4:4 есебімен тең түсті. Алайда буллиттер сериясында отандастарымыз 2:1 есебімен басым түсіп, маңызды жеңіске қол жеткізді.
Матч барысында Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Роман Старченко және Батырлан Мұратов шайба соғып, команданың жеңісіне өз үлестерін қосты.
Қазақстан құрамасының турнирдегі нәтижелері:
- Қазақстан – Литва — 4:1
- Қазақстан – Жапония — 6:0
- Қазақстан – Польша — 3:2
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2021–2025 жылдар аралығында элиталық дивизионда өнер көрсеткен болатын. Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, енді жерлестеріміз шешуші турда топ фавориттерінің бірі саналатын Франция құрамасымен кездеседі.
Сондай-ақ 2027 жылғы шайбалы хоккейден әлем чемпионаты Мангейм және Дюссельдорф қалаларында өтеді.
