Астана. 13 мамыр. BM.KZ – Педагогтердің оқушылар үшін тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болуы заң жүзінде бекітілді.
Мәжіліс педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Құжаттар депутаттардың бастамасымен Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әзірленді.
Негізгі заңда педагогтердің білім алушылар үшін жауапты болуы тек оқу процесі кезіне ғана белгіленді. Балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі кеңейтілді.
Сонымен қатар, педагогтердің есептілікті бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізуіне тыйым салынды. Орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидалары енгізіліп, мектеп оқушыларын ғылыми қызметке тарту бойынша әкімдіктер деңгейінде қосымша шаралар қарастырылды.
Үкіметтің бастамасы бойынша заңға Қазақстан аумағында жетекші шетелдік университеттердің қызметіне қолайлы жағдай жасауға және олардың тиімді жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық реттеу нормалары енгізіліп отыр. Филиалдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптары сақталған жағдайда ғана ашылады.
Түзетулердің жеке блогы жоғары медициналық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталды. Осыған байланысты интеграцияланған медициналық білім беру моделіне көшу ұсынылды. Ол жоғары оқу орнында 6 жыл оқу мен 1 жыл толыққанды интернатурадан өтуді көздейді. Оқу бітірген түлектер медициналық тәжірибемен айналысу құқығына ие болады, ал интернатура клиникалық тәжірибе кезеңіне айналады.
