Астана. 14 мамыр. BM.KZ – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң мақұлданды.
— Мемлекеттік наградалар жүйесі – мемлекеттің құндылықтық бағдарын айқындайтын, қоғамға үлгі болатын еңбекті танытатын және азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңызды институт. Сондықтан бұл саладағы әрбір өзгеріс тек құқықтық сипаттағы түзету ғана емес, елдің рухани-идеологиялық басымдықтарын нақтылайтын маңызды саяси шешім ретінде қаралуға тиіс. Осы заң Президент тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік наградалар жүйесін қазіргі қоғамдық сұраныстарға, ұлттық құндылықтарға және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму басымдықтарына бейімдей отырып, мазмұндық тұрғыдан жаңғырту. Заңдағы басты жаңалық – ордендер тізбесінің жаңа мазмұндағы наградалармен толықтырылуы. Атап айтқанда, «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» және «Мейірім» ордендерін енгізу көзделіп отыр, — деді сенатор Айгүл Қапбарова.
«Al-Farabi» ордені білім мен ғылымда, мәдениет пен рухани өмір салаларында Қазақстан Республикасына сіңірген зор еңбегі және елеулі жетістіктері үшін беріледі. Бұл – интеллектуалдық еңбекке, ғылым мен білімге, мәдени дамуға мемлекет тарапынан берілетін жоғары бағаның көрінісі.
«Qoja Ahmet Yassaui» ордені Қазақстан Республикасының дамуына ерекше еңбек сіңірген отандық және шетелдік ғалымдарды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, сондай-ақ мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ағартушылық, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтарды наградтауға арналған. Бұл орден еліміздің тарихи-рухани сабақтастығын, түркі өркениеті кеңістігіндегі мәдени және гуманитарлық байланыстардың мәнін айқындайды.
«Мейірім» ордені жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытқан, қайырымдылық қызметке, оның ішінде меценаттық немесе филантропиялық қызметке қомақты үлес қосқан азаматтарды наградтауға мүмкіндік береді. Бұл бастама қоғамдағы жанашырлық, ізгілік және ортақ жауапкершілік құндылықтарын институционалдық деңгейде қолдауға бағытталған.
— Сонымен бірге заңда ерекше жағдайларда айрықша көзге түскені үшін Мемлекет басшысының шешімімен наградтауды белгіленген мерзімдерді ескермей жүргізу мүмкіндігі көзделген. Бұл норма мемлекеттік наградалар жүйесінің икемділігін арттырып, ерекше еңбекті дер кезінде бағалауға жол ашады. Бұдан бөлек, бірқатар бапқа редакциялық нақтылаулар енгізіліп, қолданыстағы құқықтық олқылықтар жойылады. Заң мүдделі мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары және құқық қолдану тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік наградалар жүйесін мазмұндық жағынан күшейтеді. Олар қоғамға ғылым мен білімнің, руханият пен мәдениеттің, мейірім мен әлеуметтік жауапкершіліктің мемлекеттік деңгейдегі құндылықтар екенін нақты көрсетеді, — деді депутат.
