Астана. 14 мамыр. BM.KZ – Ақтау қаласының 27-шағын ауданындағы аулалардың бірінде қайғылы оқиға болды. Жол талғамайтын көлік кәмелетке толмаған баланы қағып кетіп, сәби оқиға орнында көз жұмды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік көлікті құқық қорғау органының қызметкері басқарған. Ол 27-шағын аудандағы тұрғын үйдің алдындағы жолда бір жарым жасар ұл баланы қағып кеткен. Ауыр жарақат алған сәби есін жимастан оқиға орнында қайтыс болған.
– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі («Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Полиция департаменті қаза болған баланың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ ведомство басшылығы бұл істі ерекше бақылауына алған.
