Астана. 15 мамыр. BM.KZ – Reuters агенттігінің мәліметінше, Каспий құбыр консорциумы (КТК) маусым айында мұнай экспортын едәуір қысқартуды жоспарлап отыр.
Курсив мәліметіне сәйкес, экспорт көлемі мамырдағы тәулігіне 1,8 млн баррельден 1,45 млн баррельге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл шамамен 17 пайыздық қысқаруды білдіреді. Аталған көрсеткіш сәуірдегі тәулігіне 1,65 млн баррель деңгейінен де төмен болмақ.
Экспорт көлемінің азаюына негізінен Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп. Тәулігіне шамамен 400 мың баррель мұнай өндіретін ірі кен орнында жөндеу маусым айының басында басталып, 30 күннен астам уақытқа созылуы ықтимал. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы жалпы мұнай өндірісі мен экспорт көлеміне әсер етпек.
Сондай-ақ маусымдағы жеткізілім көлемі Ресейден келетін мұнай шикізатына да тәуелді болады. Reuters дерегіне сүйенсек, ресейлік «Новатэк» компаниясы Өсті-Лугадағы зауытына жасалған дрон шабуылдарынан кейін газ конденсатының бір бөлігін КТК жүйесі арқылы тасымалдауға мәжбүр болған.
Бұдан бөлек, Қазақстанның «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай экспортын тоқтатуы да КТК бағытына қосымша жүктеме түсіруі мүмкін. 1 мамырдан бастап бұрын «Дружба» арқылы жөнелтілген қазақстандық мұнайдың бір бөлігі басқа бағыттарға, соның ішінде Өсті-Луга порты мен КТК жүйесіне қайта бағыттала бастаған.
