Астана. 18 мамыр. BM.KZ – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен әлемдік рейтингіде қазақстандық спортшылардың орындары анықталды. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 11-ден 10-сатыға көтеріліп, өзінің үздік көрсеткішін қайталады.
Қазақстандық теннисші осы аптада Женева (Швейцария) ATP 250 турнирінде өнер көрсетеді. А.Бубликтің бұл жарысқа өткен жылы қатыспады. Биыл ұпай қорын толықтыратындай мүмкіндігі бар.
Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко 85-тен 89-ға, ал Тимофей Скатов 188-ден 191-ге, Бейбіт Жұқаев 297-ден 298-ге, Михаил Кукушкин 281-ден 300-ге төмендеді.
Т.Скатов осы аптада Ролан Гаррос турнирінің іріктеу ойынында бақ сынайды. Ол Франция ашық біріншілігі іріктеу жарысының ширек финалында әлемнің 143-ракеткасы, даниялық Эльмер Мёллермен кездеседі.
