Астана. 19 мамыр. BM.KZ – Сан-Диегодағы мешітте болған атыс салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Associated Press.
Күдіктілер кейін оқиға орнынан бірнеше квартал жерден өлі күйінде табылған.
Қала полициясының бастығы Скотт Уолдың айтуынша, шабуыл жеккөрушілік негізінде жасалған қылмыс ретінде қарастырылып жатыр.
Қайғылы оқиға Сан-Диего Ислам орталығында болды. Бұл — округтегі ең ірі мешіттердің бірі. Оның аумағында бес жастан бастап балаларға араб тілі, исламтану және Құран оқытылатын Аль-Рашид мектебі орналасқан. Абырой болғанда, мектеп оқушылары зардап шеккен жоқ.
Қаза болғандардың бірі — мешіт күзетшісі. Полицияның мәліметінше, ол үлкен қайғылы жағдайдың алдын алуға тырысқан. Қалған екі адамның жеке басы әлі анықталып жатыр. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілгенімен, оған оқ тимеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер жасөспірімдер болуы мүмкін. Олар оқиға орнынан бірнеше квартал қашықтықтағы көліктен табылған. Іздестіру кезінде олардың жергілікті тұрғынға да оқ атқаны белгілі болды, алайда ол адам зардап шекпеген.
Баспасөз мәслихатында Ислам орталығының директоры, имам Таха Хасан бұл шабуылды «ауыр қасірет» деп атады. Оның айтуынша, орталық дінаралық диалогты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қайғылы оқиға болған күні мешітке ислам діні туралы көбірек білу үшін арнайы топ келген.
Америкалық мұсылман ұйымдары шабуылды қатаң айыптады.
«Ешкім құлшылық кезінде өз қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек», — деді Америка-Ислам қатынастары кеңесінің өкілі Таджин Низам.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом оқиға туралы дереу хабардар етілген. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
