Отарда комаға түскен сарбаз Алматыдағы әскери госпитальге ауыстырылды
Жамбыл облысында комаға түскен қостанайлық сарбаздың жағдайы әлі де ауыр. Нұржігіт Әбділпатта қазіргі таңда Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпиталіне ауыстырылды.
«17 маусымда сарбаз Алматы қаласы Әскери-клиникалық госпиталіне ауыстырылып, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сарбаз емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен қандай да бір жарақат анықталмаған. Аталған оқиға бойынша Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы келісімшарт бойынша әскери қызметші кіші сержант Д.Т.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 451-бабының 1-бөлімімен (Билiктi асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғады. Сарбаздың сырқаттану себебі және оның күдіктінің әрекетімен себепті байланысы бар-жоғы тергеу барысында анықталады», — дейді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.