Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ақтөбе облысында малдың неден уланғанын анықтады, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Шілде айының басында «Санжар-Т» шаруа қожалығында малдың қырылуы тіркелген.
«Бүгін зертханалық зерттеулер шөпте алкалоидтардың жоғары құрамының бар екенін растап, малдың улану себебін анықтады. Ерекше қауіпті ауруларға жүргізілген зерттеулердің нәтижелері теріс болып шықты, жануарлар инфекциялық аурудан өлмеген», – дейді ветеринарлар.
Комитеттің мәліметінше, қазіргі кезде шаруа қожалығының басшысы ветеринариялық қызметпен бірлесе отырып, барлық қажет эпизоотияға қарсы шараларды қолға алды.
Белгіленген жоспарға сәйкес, вакцинация және диагностикалық іс-шаралар жүргізілді. Ветеринарлар ірі қара малдың жағдайын бақылауда ұстайды.