Сан қилы өнердің тоғысатын жері – театр. Ән мен бидің, қара сөз бен қимылдың үндесуі, кейде сахнадағы үнсіздіктің өзі адам жанының қатпарына бойлап, қойылым өмірге айналып кете барады. Сондықтан болар, антикалық кезеңнен пайда болған театр өнеріне деген көптің құрметі ерекше. Ал Уилл Роджерсше айтсақ, «Театр – кедейлер байларға жоғарыдан қарай алатын жалғыз орын». Демек театр – тек артистер мен көрерменнің арасындағы диалог қана емес, сыртқы бейне мен басылған әр қадамның өзі талғамды қажет ететін эстетика мен этикеттің көзге көрінер мекені.
Театр мәдениетін қалыптастыру, қазақ мәдениетіндегі орны ерекше «Нурикамал» әнінің шығу тарихын, өмірде болған оқиғаны ұсына отырып, әйел жанының нәзік әрі батыл болмысын, сүйгенінің бақытын өз бақыты санаған кемеңгер әйелдің бейнесін насихаттауды мақсат еткен Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы және «Baimedia» сайтының ұйымдастыруымен қыркүйектің 26 жұлдызында сағат 19:00-де Астана қаласында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Нурикамал» музыкалық-поэтикалық драмасы қойылмақ. Шығармашылық тобы жастардан құралған «Назар» театрының бұл қойылымы ел арасына кеңінен танылған «Нұрикамал» әнінің шығу тарихынан сыр шертеді. Өмірде болған оқиғаны спектакльге айналдырған автор, әрі қоюшы режиссері – Сафуан Рысбайұлы.
Айта кетейік, қойылымда басты кейіпкер Нурикамалдың тағдыры, сүйе тұра сезіміне күйіп, тағдырын өзгерткен таңдау жасау жолындағы сәттері суреттеледі. Көрермендер қойылым барысында кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлап, оның өмірлік философиясын түсіну мүмкіндігіне ие болмақ.
Махаббаттың құдіреттілігі жырға, сазға арқау болып, бүгінде ел аузында тарап, әні тыңдарманның сүйіп тыңдар сазына айналып, сахна төрінде қалықтауда. Бірі білсе, бірі біле бермейтін туындының өмірге келуі, бүгінгі күнге дейін өз тұғырынан аласармауы – шынайы махаббат оқиғасының жүректен шығып, жүрекке жеткенінде деп білеміз.