Қызылордада 16 жастағы оқушыны құлдықта ұстаған сыныптастары ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Облыстық соттың мәліметінше, қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кәмелетке толмаған күдіктілер Қ, А және М-ге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеушінің өтінішхаты Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотына түсті. Сот тергеушінің өтінішхатын қанағаттандырмай, кәмелетке толмаған күдіктілерге 2 ай мерзімге «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Қылмыстық процесстің кодекстің 147-бабы 2- бөлігі 1,5 тармақтары бойынша оларға шектеулер қолданылды.
Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілеріне жәбірленушінің өкілінен келіп түскен шағымдарды қарап, күдіктілердің жасаған әрекеттерінің ауырлық дәрежесін, күдіктілерді сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер барын ескеріп, шағымды қанағаттандырды.
“Тергеу сотының қаулыларын өзгертіп, күдіктілерге 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарды”, – деп мәлімдеді Қызылорда облысы сотының баспасөз қызметі.