Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ басқарма төрағасы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің қызметкері А.К.Қашқынбековтің арызы қаралуда. Осы уақытқа дейін мекеме басшылығы маманды жұмыстан шығарамыз деп қорқытып келген. Нәтижесінде ол ешқандай себепсіз, қысыммен жұмыстан босатылған деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Ғ.Жанқуатовтың төрағалығымен өткен Ғылым комитетінің іс-әрекеттерінде Еңбек Кодексі мен «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңын бұзу мен А.Қашқынбековті қызметінен босату мақсатында қысым көрсету фактілері анықталды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 12 шілдесінде адвокат А. Ташенова ресми арыз берген еді.
Айта кетейік, Арман Қашқынбеков 2022 жылдың 9 желтоқсанынан 2024 жылы 3 маусымға дейін «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. Еңбегі еленген азамат «Ғылымға қосқан үлесі үшін» медалімен, министрдің Құрмет грамотасымен марапатталған. Тіпті, белді буып, жан-тәнімен кіріскен жұмыстарының нәтижесінде ТМД елдеріне мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың тиімді қазақстандық моделі халықаралық деңгейде жанданып, экспорттың саны да, сапасы да арта түскен.
Алайда 2024 жылдың 20 мамырында Ғылым комитеті Қашқынбековтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы үшінші бұйрықты шығарды. Комитеттің өзі алғашқы екі бұйрықты 2 және 17 мамырда шығарып, артынан қайтадан жойған. Ал азаматқа жұмыс орнынан олар кез-келген шешімді өз қалауы бойынша, маманға алдын ала түсіндірмей қабылдауға құқылы екендігі айтылған. Құқықтық жағынан оның Еңбек және еңбекақы заңнамасы бойынша Конституциялық құқықтары анық бұзылған.
Соттың кезекті отырысы 27 тамыз күніне онлайн режимінде тағайындалды. Ашық түрде өтетін сот отырыстарына тыңдаушы ретінде ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, еліміздің көрнекті ғалымдары мен заңгерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысуда. Ешқандай себепсіз қызметінен қуылған азамат әділетті шешімге зәру.