Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», — деді президент. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Депутаттар да өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыра түседі дейді.
«Біз үшін бұл өте маңызды. Жұмысшылардың мәртебесін көтеру деген бүкіл еліміздің ертең өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығымызға үлкен әсер беретініне сенеміз» дейді мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
Сондай-ақ Президент бұдан былай мектептерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық негіздері оқытылатынын айтты. Өйткені цифрлық технологиялардың дамуымен қатар алаяқтық деректері көп тіркеліп жатыр. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Бұл азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді деді мемлекет басшысы.