Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында кәсіпкерлерді қорғау, оларға жағдай жасау керектігін баса айтқан еді. Өз сөзінде президент: «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында» деді. Дұрыс. Шағын бизнесті қорғау, оның өсіп – өркендеуіне мүмкіндік беру керек. Президенттің бұл айтқандарын «Байтақ» партиясы қолдайды. Өйткені орта бизнес санаты күшейетін болса, мемлекеттің де, халықтың да әл-ауқаты көтерілмек. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Жұмыссыздық кемиді. Халықтың тұтынушылық қабілеті артады. Осы орайда «Байтақ» жасылдар партиясы «Парасат» кәсіпкерлер альянсын өз қанатына тартып, бірігіп жұмыс істеуге бел буды. «Парасттың» басшысы Олег Пак партия төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол алдағы уақытта кәскерлерді қолдау, қорғау және инвестициялық климатты жақсарту бойынша жұмыс жасамақ.
Қазақстандағы инвестициялық климатты жақсарту – ел экономикасының басты құралы екені белгілі. Демек, ел экономикасын көтеру үшін шетелдік кәсіпкерлерді елімізге қаржы құюға шақыру жасылдар партиясының маңызды бір саласы болмақ. Рас, елімізде «жасыл дәліз» қағидасы бойынша инвесторларға көптеген жеңілдіктер берілген. Тек, соны сауатты пайдалана білсе болды. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформаның арқасында кәсіпкерлерге кедергі келтірген 10 мыңнан астам талаптың күші жойылғаны белгілі. Мұның өзі кәсіпкерлер үшін көп көмек. Десек те, әлі күнге мемлекеттік органдар тарапынан шектен тыс бақылау, қысым жасаулар болып тұратыны жөнінде кәсіпкерлердің шағымы жетерлік. Алдағы уақытта «Байтақ» партиясы осы мәселелер бойынша кәсіпкерлерді қорғау, қолдау және инвестиция тарту жөнінде ауқымды жұмыс бастамақ.