Қазақстандық қант қызылшасын өсірушілер егін жинау науқанын аяқтауға жақын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала мәліметтері бойынша, биылғы егін көлемі өткен маусымдағыдан екі есе көп болады деген болжам бар, деп хабарлайды Баймедиа.кз сайты Orda.kz ке сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарасақ, биылғы қаңтар-шілде айлары аралығында елдегі зауыттарда 93,4 мың тонна қант өндірілген, бұл 2023 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 35,6%-ға аз.
Еnergyprom.kz сарапшыларының айтуынша, қант өндіру көлемінің төмендеуі елдегі жалпы қант ресурстарына отандық өңдеу кәсіпорындарының үлесін де өзгертті. 2023 жылы өндірістің үлесі 43,2% болса, биыл бар болғаны 29%-ды құрады. Елдегі қант қажеттілігін қамтамасыз етуде импорт көш бастап тұр, оның үлесі 71%-ға жетті.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар қанттың көп бөлігін негізінен Ресейден келетін импорт есебінен тұтынып отыр. Өйткені қант өндірісі азайғандықтан, 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында импорт 19,9%-ға өсті.
Ел ішіндегі қант тапшылығына қарамастан, Қазақстанның қант экспорты 400 есеге өсті.