Ақтөбе экологтары мұнай-газ және тау-кен өндіру саласындағы компаниялардың жұмысынан кінәрат тапты. Мұнай ұңғымасында апаттық жағдай тіркелсе, кен өндіруші компания экологиялық рұқсатнама алмай жұмыс істеген.
Ақтөбе облыстық экология департаменті биыл 36 тексеру жүргізді. Тексеру кезінде 261 бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 3 млрд теңгеге айыппұл салынды, 24 іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді.
— Тексеру кезінде «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС-де экологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Компанияға 5 әкімшілік хаттама толтырылып, 15,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал «AltynEX Company» АҚ-на 1,6 млн теңге айыппұл төлейді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның «Кеңқияқ» кен орнындағы ұңғымада апатты жағдай болды. Жоспардан тыс тексеру кезінде 2,7 млн теңге айыппұл салынды. «ҚазХром» ТҰК» АҚ Дөн кен-байыту комбинатына жүргізілген тексерістен соң 11 әкімшілік хаттама толтырылды. Барлығы 5 әкімшілік хаттама бойынша 38,6 млн теңге айыппұл салынды. Ал 6 әкімшілік хаттама сотта қаралып жатыр. Сонымен қатар Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қаулысына сәйкес «Восход Хром» ЖШС-не экологиялық рұқсат алмағаны үшін 2,9 млрд теңге айыппұл салынды. Бүгінгі күні барлық айыппұл өндірілді, — деді Ақтөбе облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Тұрар Қожанов.
Қазіргі кезде экологтардың шешімімен келіспеген компаниялар сотқа арыз түсірді. Олардың арасында коммуналдық мекеме, қоқыс полигонына иелік ететін компания бар. Сонымен бірге Дөң кен-байыту комбинаты, Ақтөбе мыс компаниясы да тексеру тағайындау актісінің күшін жоюды сұраған. Ал су қоры тол «Көкжиде» аумағын қорғау жұмысы әрі қарай жалғаса береді.
— Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Энергетика министрлігі келісіп, «Көкжиде» кен орнындағы ұңғымаларды біртіндеп жабу жұмысы басталды. Мұнда 5 компания жұмыс істейді. «Урихтау Оперейтинг» ЖШС-і 2023 жылы бір, биыл бір, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы 2024 жылы бір ұңғымасын жабуы тиіс еді. Бұл жұмыс аяқталып қалды. Ал 2025-2026 жылы басқа компаниялардың ұңғымасы жойыла бастайды. Тапсырмаға сай бұл жерлерде қосымша зерделеу жұмыстары да жүргізіледі. Онда су сапасы мен су қорының мұнаймен ластанып немесе лайланбағаны анықталады. Экология департаментінің Жол картасында «Көкжиде» шекарасын анықтау көрсетілді. Оны облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жүргізеді, — деді Тұрар Қожанов.