Роботтар малға шөп салып, сиыр сауады. Жетісу облысындағы сүт фермасында шаруаның қолы ұзарып, өнімділік артқан. Шаруа биыл мал басын көбейтіп, шетелден 873 бас ірі қара әкелген. Сүтті сиырларды мемлекеттік «Үлкен жоба» бағдарламасымен жеңілдетілген несиеге алыпты. Шөпті жақындатып, жем шашатын робот тәулік бойы жұмыс істейді. Жаңадан алынып, өндірісте қолданылып жатқан құрылғы сүт өнімділігін арттыруға ықпал еткен.
Рахым Кәрімов, сүт фермасының басқарушысы:
— Мына робот үш адамның жұмысын жасайды. Негізі жаңа технологияны Президент бағдарламасы бойынша алғанбыз. Бұрын сиырлар 33-35 литр сүт беретін, қазір 2 литр сүт қосылды. Еуропалық стандартпен тұрғызылған фермада 10 робот бар. Олар сиырлардың астын тазалап, уақыты келгенде сауып отырады. Тәулігіне 12 тонна сүт өндірілетін кешенде небәрі 12 адам еңбек етеді. Олар негізінен ем-дом шараларын жүргізіп, жем-шөбін қамдап, құрылғылардың жұмысын қадағалайды.
Игорь Пузанов, аға оператор: — Жаңа машина толық автоматтандырылған. Сиырды өзі кіргізеді, өзі жуады, сауады. Қанша литр сүт сауылғанын көрсетіп тұрады. Жемін салады. Содан кейін дезинфекциялайды. Шаруышылыққа биыл шетелден 240 ірі қара әкелінді. Сөйтіп, сауылатын сиыр саны 600-ге, ал бұзаулар мен тайыншаларды қосқанда 1200 басқа жетті. Жалпы Жетісу облысында 36 сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Соның үшеуіне мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие берілді.