Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы жағдай бойынша баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір құбылулар байқалып жатыр.
«Бұл ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен көрініп табуда. Өткен аптада доллар бағамы 500 теңгеден асты. Осыған байланысты бизнес пен азаматтарымыздың алаңдаушылығын түсіне отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шаралар қабылдап жатыр. Ұлттық валютаның айырбас бағамын түзету іргелі сыртқы факторлардың әсерінен ғана туындайтын құбылыс екенін атап кеткен жөн», — деді Нұрлан Байбазаров Үкімет үйінде өткен баспасөз брифингінде.
Министр теңге бағамына әсер етіп жатқан негізгі үш факторды атап көрсетті.
«Бірінші фактор – соңғы айларда доллар индексінің жаһандық нығаюы. Екіншіден, әлемдік мұнай бағасының төмендеуімен байланысты. Ал соңғы маңызды фактор Ресей рублінің әлсіреуі. Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының құбылуы теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту – Үкіметтің басты міндеті», — деді Ұлттық экономика министрі.
Нұрлан Байбазаров экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын баса айтты. Бұл үшін Үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті, деді спикер.