Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді өңдеу туралы тақырыптық отырыс өтті. Жиынға Мәжілістің вице-спикері Альберт Рау қатысып, комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етті.
Еділ Жаңбыршин бүгінде елімізде полигондар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі өте өткір екенін айтты.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев коммуналдық қалдықтарды басқару саласының қазіргі жағдайын баяндады. Министр осы ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар құрылысы бойынша жұмысты жандандыруды тапсырғанын атап өтті.
– Қазақстанда қабылданған «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға дейін 40 пайызға, 2050 жылға дейін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. 40 пайыз өңдеуге қол жеткізуіміз үшін белгіленген мерзімге бар болғаны 5-6 жыл қалды. Осыған жете аламыз ба деген үлкен күмән бар, – деді Е.Жаңбыршин.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды терең өңдеуді қамтамасыз етуді іске асыру үшін Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті арнайы жұмыс тобын құрады. Жұмыс тобы тұрақты түрде осы мәселемен айналысатын болады.