Ресей Жоғарғы соты президенттікке кандидат болғысы келген Надеждиннің меселін қайтарды
Бұл жөнінде РИА «Новости» апелляциялық сот шешіміне сүйеніп хабарлады.
Жоғарғы сот Надеждиннің Орталық сайлау комиссиясының 21 ақпандағы шешімін заңсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты. Надеждиннің шағымын апелляция алқасы бүгін, 4 наурызда қарады.
«Бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалды, шағымды қанағаттандырмады» деп жазды Надеждин телеграм-арнасында.
Соғысқа қарсы ұстанымдағы Борис Надеждин қазіргі президент Владимир Путинге балама кандидат ретінде Ресей президенті сайлауына қатысатынын мәлімдеген. Оның штаб-пәтеріне қол қоюға келген адамдардың ұзын-сонар кезекте тұрғаны жұрт назарын өзіне аудартқан.