ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті. Тараптар қос мемлекет арасындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Министр ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі екенін, бұл елдер арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасына оң серпін беретінін атап өтті. 2023 жылы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 1,3 млрд доллардан асты. Сонымен қатар, соңғы жылдары Қытай халқының органикалық және экологиялық таза қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуға сұранысы артқан. Өткен жылы аспан асты еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2 есеге өсіп, 1,01 млрд долларды құрады.
«Қытай нарығы да қазақстандық астықты экспорттауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Біздің жыл сайынғы жеткізу көлемін 2 млн тоннаға дейін арттыру мүмкіндігіміз бар «, — деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылық министрі Чжан Сяодан ағымдағы жылы тауарлардың жаңа түрлерін экспорттау жөніндегі екіжақты құжатқа келісу мен қол қоюды жеделдетуге жәрдем көрсетуді сұрады. Бұл – салқындатылған ет, құс шаруашылығы өнімдері, қосымша өнімдер, қызылша және картоп өнімдері.