Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттар жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Жоба аясында Кәсіпкерлік кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексіне және «Электр энергетикасы туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңдарға түзетулер ұсынылады.
Бірінші оқылымда Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасы да қаралады. Құжат Мемлекет Басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Заң жобасын қабылдау азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін тиімді іске асыруын қамтамасыз етуге, пенитенциарлық жүйеде адам құқықтарының сақталуын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Әкімшілік әділет саласын жетілдіру және қолдану аясын кеңейту мәселелері бойынша Үкіметтің түзетулері қаралады. Азаматтық-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық іс жүргізу Кодексінен әкімшілік әділет деңгейіне ауыстыру туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланады.
Мәжіліс Өзбекстан Үкіметімен экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алады.