Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсімі 4,2%-ды құрады
Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны туралы баяндады.
Биыл екі айда экономиканың нақты секторында өсім 5,1%-ды, қызмет көрсету саласында – 3,5%-ды құрады.
Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалауда, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалды.
Өңдеу салаларында өндірістің өсуі машина жасауда 23%-ға, оның ішінде автомобиль өнеркәсібінде 21%-ға және электр жабдықтарын өндіруде 45%-ға қамтамасыз етілген.
Вице-премьер экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз ету үшін баса назар аудару қажет бірқатар шараларды да атап өтті. Олардың қатарында жеке инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейту, жаңадан іске қосу және т.б. бар.