Шымкент. 18 тамыз. /Әсел Мәдәліқызы/ BM.KZ — Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық бойынша кезекті сот отырысы басталды.
Бұл жолы да Берденов денсаулығына байланысты сотқа онлайн қатысты. Оның сөзінше Жиембайды тек 3 рет қана көрген. Екінші жолыққанда «өзі жұмыстан кетемін» деген көрінеді.
“Бірінше рет жиналысқа инспектор Асанбай Ахметаевпен бірге келді. Мен есеп сұрағанда, есеп бере алмады. Екеуі ғана болды жиналыста, есеп бере алмай екеуі ұрысып кетті. «Бұлай жұмыс істей алмаймыз» дедім. Содан кейін өзі «жұмыстан шыға салайын» деп айтты”, – дейді Берденов.
Жәбірлерушінің айтуынша, Жиенбайдың өзі “кумирімсіз” деп айтқан. Руслан Берденов кездесуге күдікті қайын ағасы арқылы келісіп келгенін жеткізді.
“10-15 күннен кейін келді. «Жеке келсем» деді. Көмекшілер арқылы сұрап келді. Кабинетке келіп айтты. “Сөзім-сөз, кетемін. Алмаған еңбек демалысым бар еді. Жұмысымды бітіріп кетсем бола ма? Сіз менің кумиримсіз. Отбасымызбен көреміз» деп қолымды алды. Жігітше құшақтасып кетті. Көмекшіме айттым, «1-2 айда кетеді» деп айтты. «Қадағалаңдар» дедім. Екі кездесуде де Жиенбайдан Нағашыбек деген қайын ағасымен келісіп тұрды. Бірінші кездесуінде де Нағашбекпен келіскен. «Екінші кездесу жақсы өтті» деп айтты, – дейді Берденов.
Айта кетейік, Руслан Берденовке 2025 жылдың 21 сәуірінде әкімдік ғимаратының жанында оған қарулы шабуыл жасалған. Ол оң жақ сан және иық тұсынан жарақат алып, ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды.
Ал оны атқан – Ернар Жиенай бұрын Берденовтің қоластында «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры болған. Ол оқиға орнында ұсталып, әрекеті «кісі өлтіруге оқталу» ретінде бағаланып, қылмыстық іс қозғалды.
Ұсталған сәтінде Берденовтің жүргізушісі араласып, Ернарды көлікпен қағып, оның оқ атуына кедергі жасаған.
2025 жылдың 25 маусымында қылмыстық істің тергеуі аяқталып, материалдар прокуратураға, содан кейін сотқа жіберілді.
Ал 28 шілдеде алдын ала тыңдауда прокуратура мотивті жұмыс бабындағы жанжал деп анықтады. Органның пайымынша, Жиенбай кеңестен кейін жұмыстан босатылып, кек алуға бел буған.
Руслан Берденов болса, айыпталушының сотта айтқан уәждерін «бопсалау» және «манипуляция» деп атады.
