Шымкент. 20 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ — Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Руслан Берденовті атқан Ернар Жиембайға судья Әбинұр Қарабаев 9 жыл жаза кесті.
Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы, прокурор Бауыржан Қараманов оны 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Естеріңізге салайық, Руслан Берденовке 2025 жылдың 21 сәуірінде әкімдік ғимаратының жанында оған қарулы шабуыл жасалған. Ол оң жақ сан және иық тұсынан жарақат алып, ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды.
Ал оны атқан – Ернар Жиенай бұрын Берденовтің қоластында «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры болған. Ол оқиға орнында ұсталып, әрекеті «кісі өлтіруге оқталу» ретінде бағаланып, қылмыстық іс қозғалды.
Ұсталған сәтінде Берденовтің жүргізушісі араласып, Ернарды көлікпен қағып, оның оқ атуына кедергі жасаған.
2025 жылдың 25 маусымында қылмыстық істің тергеуі аяқталып, материалдар прокуратураға, содан кейін сотқа жіберілді.
Ал 28 шілдеде алдын ала тыңдауда прокуратура мотивті жұмыс бабындағы жанжал деп анықтады. Органның пайымынша, Жиенбай кеңестен кейін жұмыстан босатылып, кек алуға бел буған.
Айыпталушының өзі болса, негізгі себеп жұмыс емес, ар-ұждан, намыс, қызғаныш болғанын айтқан.
Руслан Берденов болса, айыпталушының сотта айтқан уәждерін «бопсалау» және «манипуляция» деп атады.
