Көкпар сайысының алғашқы ойынын аяқтаған Қазақстан құрамасының капитаны, көкпаршы Құрманбек Тұрғанбекпен сұқбаттасқан едік.
– Алғашқы ойын қалай өтті?
– Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойынын бастадық. Көкпар сайысының алғашқы ойынында Өзбекстан командасына қарсылас болдық. Есеп 16:0 болды. Аттарымыздың бабы жақсы, дайындығымыз да жақсы. Бұйыртса, финалдан бой көрсетеміз деген ойдамыз. Еліміздің көк туын көкке көтеруге дайынбыз!
– Басты қарсылас кімдер?
– Басты қарсыласымыз айырқалпақты ағайындар – қырғыз елі. Өз жерімізде өтіп жатқан байрақты бәсекеде бар күшімізді салып, жеңісті бермеуге тырысамыз.
– Бүгінгі ойында өзбектер неге сылбыр болды?
– Бірден бір себеп – өз аттарымен қатыспауында. Ойын Қазақстанда өтіп жатқандықтан біздің елдің аттарымен ғана ойынға қатыса алады. Әйтпесе, өзбек ағайындар да осал емес. Көкпарды жерден ілулері, тактикалары ұнады.
– Келесі ойын қай командамен болады?
– Ертең Қытай республикасының командасымен ойнаймыз. Көшпенділер ойындары олимпиадалық жүйемен өткізілуде. Яғни, жеңілген команда ойыннан бірден шығып кетеді.