Астана. 12 мамыр. BM.KZ – Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина турнирдің төртінші айналымында кезінде әлемдік рейтингте бірінші орынға дейін көтерілген, қазір 130-сатыда тұрған чехиялық Каролина Плишковамен кездесті.
Қарсыластар бұған дейін төрт мәрте жолығып, барлық кездесуде Рыбакина жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы да қазақстандық спортшы айқын басымдық танытты.
Алғашқы партияда Елена қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 6:0 есебімен сенімді жеңді.
Екінші сетте Рыбакина 3:0 есебімен алға шыққанымен, Плишкова екі гейм қатарынан ұтып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда Елена тағы екі брейк жасап, матчты 6:2 есебімен аяқтады.
59 минутқа созылған кездесуде Рыбакина 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың алтауын сәтті пайдаланды. Ал Плишкова 2 эйс орындап, үш брейк-пойнттың біреуін ғана жүзеге асырды.
Енді Елена Рыбакина жартылай финал жолдамасы үшін әлемнің 10-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездеседі. Свитолина өз кезегінде чехиялық жас теннисші Никола Бартунькованы 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
