2024 жылдың алғашқы жартысындағы деректер Қазақстандағы экологиялық жағдайдың күрделенгенін көрсетеді. Елдегі 70 елді мекеннің ішінде 5 қала өте жоғары ауа ластану деңгейіне жеткен, су ресурстары да сын көтермейтін жағдайда. Тіпті кейбір су айдындарының тек өнеркәсіптік мақсаттарда ғана қолдануға жарамды екені анықталған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берген хатында баяндады.
Қазақстанның 5 бірдей қаласында ауа өте қатты ластанған
Министрлік мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан Республикасының атмосфералық ауасының сапасын бағалау қорытындысы бойынша елдегі бірқатар қалалардың экологиялық жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. 70 елді мекеннің ішінде 5 қала өте жоғары ластану деңгейіне, ал 21 елді мекен жоғары ластану деңгейіне жатқызылды. Бұл деректер экологиялық жағдайдың нашарлап бара жатқанын көрсетеді.
Ауа сапасы жақсырақ 16 елді мекеннің қатарына Көкшетау, Степногорск, Саран, Қордай және тағы басқа қалалар жатқызылған. Бұл аймақтарда экологиялық жағдай біршама жақсырақ екен.
28 қала мен елді мекен ластану деңгейі орташа деп танылыпты. Олардың ішінде Атырау, Ақтау, Шымкент, Жезқазған, Тараз сияқты ірі қалалар бар. Бұл аймақтарда атмосфералық ауаның сапасы салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, экологиялық мәселелер шешуді талап етеді.
Үшінші топқа ластану деңгейі жоғары деп танылған 21 қала кіреді екен. Бұл қалаларға Алматы, Өскемен, Теміртау, Балқаш, Орал, Риддер, Сәтбаев, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Түркістан және тағы басқа қалалар жатады. Ауаның ластануының жоғары деңгейі өндірістік кәсіпорындар мен автокөліктерден шығатын газдармен тығыз байланысты. Мысалы, Алматыдағы жоғары көлік тығыздығы ауаның сапасына айтарлықтай әсер етіпті.
2024 жылдың алғашқы алты айында ең ластанған қалалар Қарағанды, Астана, Талғар, Ақтөбе және Ақсай болып танылды. Бұл қалаларда ауаның ластану деңгейі өте жоғары деңгейге жеткен. Әсіресе Қарағанды мен Атырауда жағдай ерекше алаңдатарлық. Биыл Қарағандыда – 94 рет, Атырауда – 91 рет жоғары ластану оқиғасы тіркелген. Мұндай көрсеткіштер көбінесе өндірістік аймақтардың көптігімен және өнеркәсіптік шығарындылардың әсерімен байланысты, – делінген министрлік хабарламасында.
2024 жылдың алғашқы жартысында алынған су сапасы нәтижелері бойынша бірнеше санатқа бөлінді:
- Ең жақсы сапа – барлық мақсаттар үшін қолайлы су. Ертіс өзені (Павлодар облысы).
- Жақсы сапа – шаруашылық және өнеркәсіпке жарамды. Ертіс өзені (ШҚО).
- Орташа сапа – балық өсіру, суару және өнеркәсіп үшін жарамды. Талас, Аса, Шу, Іле өзендері.
- Төмен сапа – тек өнеркәсіпке жарамды. Жайық өзені (Атырау облысы), Есіл өзені (Ақмола облысы), Сырдария (Қызылорда облысы)