5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында «BAYTAQ» жасылдар партиясы арнайы баспасөз конференциясын өткізді. Партия жиында Қазақстан Президентіне жаңа экологиялық идеология қабылдау жөнінде «Балаларымыздың жарқын болашағы үшін» деген атпен ресми үндеу жолдады.
«BAYTAQ» жасылдар партиясы – қоршаған ортаны қорғау партиясы болғандықтан, арнайы ұсыныс дайындадық. Осыдан бір жарым жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткіздік. Бір жарым жылдың ішінде қаншама миллион адам экологиялық акцияларға қатысып, қаланың тазалығына, ағаш отырғызуға атсалысты. Соның арқасында қазір партиямыздың арнайы мониторингі бар, қала тазалығын қарап-бақылап отырамыз, – дейді партия төрағасы Азаматхан Әміртаев. Демек партияның дайындаған ұсынысы уақыт сүзгісі мен тәжірибе арқылы жинақталған. Партияның Қазақстан қалаларындағы ауаның жай-күйіне және онкологиялық, аллергиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларының деңгейіне жүргізген талдау мониторингі көңіл көншіте қоймайды. Партия мен сарапшылар қауымдастығының пікірінше, Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалалардың экологиялық ахуалын жақсартудан гөрі экологиялық төлемдерді жинауға басымдық беріп кетті. Соның салдарынан халық денсаулығы мен ұрпақ болашағына орасан қауіп төніп тұр. «BAYTAQ» жасылдар партиясының президентке үндеу жолдауына да осы мәселе себеп болды.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, 2003 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта стационарлық көздерден шығатын газдарды тазарту деңгейі өзгеріссіз – 0–3% аралығында қалған. Қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші, керісінше, 2003 жылғы 38%-дан 2024 жылы 30%-ға дейін төмендеп кеткен. 2021 жылдан бастап арнайы Экологиялық кодекс ЭЫДҰ стандарттарына толық сәйкес деп қабылданғанымен, экологиялық ахуал өзгеріссіз қалып отыр. Жүргізген талдауларға сәйкес, кейінгі 20 жылда атмосфералық ауа сапасы мен қалдықтарды өңдеу деңгейі өзгермеген, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары аурулары үш есе өсіп, бүгінде 350 мың адам есепте тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне жүгінсек, 2024 жылдың қорытындысында 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталып, науқастардың есебі 230 мыңнан асып кеткен. Жыл сайын 40 мыңнан астам адамнан онкоауру анықталады. Күн сайын елімізде 100-ден астам адам қатерлі ісік диагнозын естиді, ал 36 адам осы аурудан көз жұмады. Жастар арасында да бұл ауру өршіп тұр. Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Қарағанды, Павлодар сынды ресурстар ең көп өндірілетін және өңделетін жерлерде өлім-жітім саны едәуір өскені байқалады. Партия тұжырымынша, адам шошырлық статистика – ірі өндіріс орындары мен трансұлттық компаниялардың қоршаған ортаға теріс әсерінің нәтижесі.
Бүгінде экологиялық инспекциялар әкімдіктер құрамына басқаруға беріледі. Жасылдар партиясы қоршаған орта үшін жауапкершілікті орталыққа, елді мекенге жүктеп қоймай, әр азамат экологиялық жауапкершілікті мойнына алу қажет дейді. Президентке тікелей есеп беретін Экология және тұрақты даму жөніндегі ұлттық агенттік құру керек. Сонымен қатар Экология министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан экологиялық партиялар мен жұртшылықтың қатысуымен экологиялық орталықтар, әр облыста экологиялық кеңестер құру қажет. Экологиялық кеңеске қарапайым халықтың қатысуына, ұсыныстар енгізіп, зерттеу жүргізуге құқық берген жөн. Бір сөзбен айтқанда, ресми үндеу арқылы Экология министрлігін Ұлттық экология агенттігіне айналдыру және Президентке тікелей бағындыру, экологиялық кеңестер жұмысын жүргізіп, қоғамдық бақылауды күшейту, экологиялық төлемдерді тек нақты мемлекеттік бағдарламаларға бағыттау; мәжілісте экологиялық партиялар үшін 10% квота енгізу секілді маңызды қадамдар жөнінде Президентке бірталай ұсыныстар жасаған.
«BAYTAQ» жасылдар партиясы осы бастамаларды жүзеге асыру арқылы 2030 жылға дейін қалалардағы ауаның ластануын 40%-ға азайтып, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттырып, ауру-сырқау мен өлім-жітім санын төмендетуді көздейді. Сонымен бірге ауылдағы халықты 100% таза сумен қамтуды мақсат етіп отыр.
Расымен де, еліміздегі экологиялық ахуал мен халық денсаулығының жай-күйіне қарап, экологиялық жаңа жүйе қажет екені көпке мәлім. «Таза ауа, таза су, таза жер, таза адами қарым-қатынастар!» деген қағиданы берік ұстатанатын жасылдардың мақсаты жүзеге асар деген сенімдеміз.