Астана. 13 қаңтар. BM.KZ — Күдіктіні іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің жеке құрамы толықтай жұмылдырылды.
Қалаға кіретін және шығатын бағыттарда бақылау күшейтіліп, аумақтар жаппай тексерілді. Нәтижесінде күдікті қала шегінен шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық аумақта ұсталды.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының 28 жастағы тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін күдіктінің қаза тапқан қызбен таныс болғаны белгілі болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайлары тергеу барысында анықталады.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда жедел-тергеу шаралары кешені жүргізілуде.
Еске салайық, қайғылы оқиға Толеметов көшесінде болған. Тұрғын үйлердің бірінің ауласынан пышақ жарақатын алған 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Ол оқиға орнында көз жұмған. Іс бойынша тергеу жалғасуда.
