«Әділетті Қазақстан қашан орнайды?»: Ринат Зайытов министрдің жұмысын сынға алды
Депутат өз сауалында Қылмыстық кодекстің 429-бабын мысалға алды.
«429-бапта, өзіңіз білетіндей, «қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкерімен және оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамдарға күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына және өміріне қол сұғу» туралы айтылған. Бұл қалай? Сонда біз Қылмыстық кодекстің бір бабымен адамды соттап, ал екінші бабымен қорғап отырмыз. Бұл неге жол ашып отыр? Мекеме әкімшілігімен келісімге келіп, басқа сотталушыларға зорлық-зомбылық көрсетіп отырған фактілер жетерлік. Осы орайда біз «сондай-ақ сотталған адамға қатысты» деген жерін алып тастауды сұрап отырмыз. Сіздің пікіріңізді білгім келеді», — деді мәжілісмен.
Ринат Зайытов азаматтарды еш себепсіз көшеден алып кетіп, қамайтын фактілер көбейгенін де атап өтті.
Әділет министрі Азамат Есқараев депутаттың пікірінің дұрыс екенін айтып, арнайы жұмыс тобында бұл мәселені талқылайтынын жеткізді.