Қазіргі таңда психология дамып, әсіресе қыз-келіншектер өздеріне керек тақырыптарды оқу үстінде. Ол трансформация, отбасылық мәселелер, кейбірінде ақша табудың жолдары. Яғни, түбірі миды басқаруға талпынады. Бірақ ең танымал әрі өзекті бағыттың бірі – әйел энергиясы.
Иә, көптеген жылда әйелдің қадір-қасиеті үйіндегі қазан-ошағымен бағаланды. Егер әйел карьерасын тастап, тұрмысқа шықса – мықты әйел. Көп бала туып, еріне бағынып, көгерген көзім «өзімнен» десе – дана әйел. Тіпті, «байынан таяқ жемеген қатын, қатын емес» дейтін жалаң мақтаныш қонған дарақы әйелдер де бар. Қысқасы, сауатсыздық көп. Ал енді, жаңа заманның фембикелері, ер мен әйелдің құқығын тең етуге тырысып жатыр. Психологтар да «өзгеріңдер» деп дабыл қағуда. Шала ақылшының айтатыны: «Біз нәзік жандымыз». Бізге еркелеп, флирт жасап, қылықты болып, тәтті сөйлеуіміз керек. Егер, ер адам сыйлық сыйламаса, әуелі қателік бізден. Неге десеңіз? Біз еркелей алмаймыз, гүлді дұрыс сұрап білмейміз. Егер айқайлап, ұрысып ер адамды шаршатсақ, ол бізден жалығып кетеді-мыс. Шын сүйген жігітке мұнын бәрі сылтау емес пе? Нәтижесінде, қазір бір жігіттің емес, бір қыздың басына сегіз жігіттен келеді.
Үй шаруасындағы әйел өзгерейін деп, болмысына жат қылықтарды үйренсе, еркек «біреуді тауып алғансың. Не өзгеріс?»деп кінәлайды. Ал әйел, оны айтып шағымданса, рухани психолог «сіздің ниетіңіз дұрыс емес. Сіз Алла үшін деп жасауыңыз керек. Шын мәнінде жолдасыңыз – сіздің айнаңыз. Оның ұрғаны – сіздің өзіңізге деген қарым-қатынасыңыз» деп түсіндіреді. Содан соң әйел, жоқ махаббатты тудыруға тырысып, ақымақ күйеуін «мені тәрбиелеуші миссиясы бар» деген қызметке орналастырады. Ақпарат көп. Ішінен төсек мәселесін тауып, сексологтарға барады. Дұрыс маман болса бір жөн. Қазір, барлық проблеманы жатырға салып, рөлдік ойындарды ұсынып, идея беретін жанашырлар бар. Әйел онда тентек оқушы, жолдасы ұстаз боп рөлдік ойындармен рухани азғындыққа түседі. Бұл педофилизмнің жұрнағы екенін, екеуі де аңғармайды. Жолдасының психологиясы бұзылуы әбден мүмкін. Бұл туралы коуч Роза Әшірбаева да өз лекцияларын да айтып жүр. Мысалы, Қытайда кішкентай қыздар қызмет ететін ресторандар бар. Онда ер адам қожайын болады. Олар «менің мырзам, бүгін сізді тілегіңізді орындаймын», деп даяшы қызметін атқарады. Ал енді қараңыз. Бұл педофилизмнің мәдениетті түрі. Ондай жерде тамақтанатын ер адамның психикасы қалай сау болуы мүмкін? Бұдан кейін тектіліктің, жатыр мен рух тазалығы маңызсыз. Қазақи менталитетті насихаттай алмайсыз. Өйткені қыздар, өздерін Мэрилин Монро секілді танымал секс-символдарға ұқсатуға тырысады. Бірақ, олардың ауыр тағдыры мен психологиялық дертіне маңыз бермейді. Олар қазақи деп басталатын дәрістерден жалыққан. Өйткені, бүгінге дейін дін мен дәстүр арқылы жасалатын манипуляциялар шаршатқаны анық. Қазір адамдар дінді де қолдан жасап жатырған жоқ па?
Иә, психологтардың, отбасының берекесін нығайтатын мамандардың болуы жақсы. Бірақ шектен шығып, ақпараттарды цензурасыз беймарал жаю, түбін ойламау – ұлттық қасіретке әкелуі мүмкін. Біз болашақ Американың күйіне жақындап келеміз. Неге? Себебі, мамандар, егер қыз баласының бағбаншылары көп болса, «ол энергиясы жоғары ханшайым» деген көріністі беріп қойды. Интернет болғаннан кейін, мұндай шулы посттарды оқып алған әккі жігіттер, манипуляцияға көшеді. Қызға жақындап қойса, «сен әйелдік энергияға толып тұрсың. Өзімді ұстай алмадым» деп ақтап алады. Ал, жұбайының көзіне шөп салғандар, «Сен ағашсың. Еркелей алмайсың. Сенің қасыңда ол- нәзік» деп кінәні әйелге артады. Көрдіңіз бе? Қайтадан әйел кінәлі. Осы жерде қоғам мынаны түсіну керек. Бұрынғы стреотипті бұзамыз деп, сол стреотиптің манипуляция мен ластыққа толы жаңа форматын енгізіп жатыр. Оның бір дәлелі: он бес жастағы оқушы қыздар, дүкеннен крем, әтір алатын болса, «ішінде ферамон бар ма» деп сұрайтын болған. Бұл дегеніміз қазір қыздардың басты мақсаты – жеңсік тартар бойжеткенге айналу. Тіпті, әлеуметтік желілер де «мен сендер үшін жай Дианамын. Ал болашақ күйеуіме басқа адаммын» деген трендте, түнгі көйлектің суретін жүктейтін кішкентай қыздар да жүр. Шілтерісі бар іш киімдер сәнге айналып, оны оқушы қыздар да киеді. Ессіз еркіндіктің құлы болып, қайда бара жатқандарын түсінбейді. «Тату-тәтті» телевизиялық жобасында, әйелге сексуалды обьект ретінде қарайтын әрі соны мақтана айтып үлгі ететін ер адамдар сынға ұшырауда. Дене пішіні үшін үйленген еркектер де жетерлік. Бұдан кейін, ақылы орташа қыздар, құндылығын төмендетіп өзін құрбан етіп ұсынады. Жұмыс істегісі келмей, тек қана психология, сексология ғылымдарын оқып, күйеуіне мотиватор болғысы келетін қыздар да жоқ емес. Ал орыстар «женщина которая не работает – глупые курицы, лентяйка или счастливая» деп талқылап жатады.
Джейми Кэт Калланның «Француженки не спят в одиночестве» кітабында Франция мен Американың бойжеткендерін салыстырады. Мәселен, Францияда жыныстық сауаттылық жақсы дамыған. Ал, Америкада жасөспірім қыз он төрт жастан кейін, доп теуіп ойнап жүрген жігіт досымен бірге сыра іше алады. Одан кейінгі жағдай белгілі. Ал, бір аптадан соң ол жігіт басқа қызбен жүре алады. Немесе түнгі клубта танысқан ер адаммен қонақ үйге бара алады. Олар үшін бұл – еркіндік.
Апта сайын осындайй энергиямен қоректенеді. Қазақ қыздары үшін де бұл мәдениет еніп жатыр. Төсек арқылы өзін бағалатқысы келетіндер бар. «Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды басқа үйден тойдырма» мақалының сиқы кетті. Шариғатпен дәстүрді тұтас ұстанған тазалық лайланды. Біз қалаған жыныстық тәрбие мұндай емес еді. Өзін маманмын деп таныстыратын адамдар көп нәрсе былықтыруда. Сондықтан уақытша танымал тақырыптарды анализдеңіз. Қасіреті «Астарлы ақиқат», «Көреміз» және т.б басқа бағдарламарда көрініс тауып жатқан жоқ па? Мысалы, «Бөпелі бала» шығарылымында он алты жастағы Назеркенің әкесін анықтау ұзаққа созылды. Назерке үшін оңалту процесі жүргізілгенмен, жүзінде өкініш, жүрегінде тәубесі ояна алмады. Әлі күнге дейін, жеңіл жүрісті ләззәт өмірді жалғастыруда. Мұндай сексуалды қылмыстар көбейгендіктен, 2024 жылы ғана, Қазақстан «сот-сексологиялық сараптама» енгізді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли былай дейді: «Сот-сексологиялық сараптамадағы зерттеу мәні – заңды маңызы бар және белгілі бір құқықтық салдарға әкеп соғатын жыныстық рөлдік функцияларды қалыптастыру және жыныстық белсенділікті жүзеге асыру заңдылықтары мен ерекшеліктері болып табылады. Сараптама жүргізу шеңберінде адамның психологиялық портреті жасалатын сұрақтар қойылады – жыныстық/психосексуалдық дамудағы ауытқуларды, жыныстық саладағы патологиялық жетектерді анықтау мақсатында».
«Сұлу қызды көргенде, ақылды қыздай аяйсың» деп бекер айтылмаған шығар. Қайда барасың психология?
Нұрай НҰРБОЛАТҚЫЗЫ