Жуырда QS World University Rankings 2026 нәтижесі жарияланды. Онда еліміздің үш университеті алғаш рет озық тізімге қосылды.
Биыл 106 елден 8467 университеттің жетістігі сарапқа салынған, рейтингтің қорытынды тізіміне 1501 университет енді. Бұл қатарға еліміздің 20 жоғары оқу орны ресми түрде енген. Ал рейтингке шыққан үш жоғарғы оқу орны – Shakarim University, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті.
Shakarim University QS ұйымы жүргізген халықаралық академиялық және іскерлік қауымдастық арасындағы сауалнама нәтижесінде студенттерді даярлау сапасы, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі және білім беру бағдарламасының практикамен ұштасуы сынды бағыттар бойынша жоғары бағаға ие болды. Көрсеткішке жету үшін кадрлық саясаттың жаңаруы да маңызды рөл атқарған сыңайлы. Мәселен science-оқытушылар мен жас зерттеушілердің үлесі екі жыл ішінде 8%-дан 39%-ға дейін өскен. Университет шетелдік ЖОО түлектерін және халықаралық бағдарлама қатысушыларын жұмысқа тарту арқылы жас ғалымдар орталығына айналды. Бұған қоса, оқу орнының Scopus базасында жарияланған ғылыми мақала саны 700-ге жетіп, материал саны 2 200-ден асып, университет аты QS рейтингінде «Ғылым және жаңалықтар» блогына енді.
– Shakarim University International Student Diversity және International Research Network индикаторына да кірген. Бүгінде университет 37 елдің 60 университетімен келісім жасап, қос диплом бағдарламасын белсенді дамытып келеді. Академиялық ұтқырлықтың әлеуеті артып, шетелдік оқытушылар мен халықаралық гранттық жобаларға қатысу көлемі айтарлықтай өскен, – дейді университет ректоры Думан Орынбеков.
Халықаралық сарапшылар QS атынан университеттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуы, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуі және түлектердің ұзақмерзімді перспективасы секілді басым бағыттарға назар аударады. QS аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, Қазақстан университеттері бірнеше көрсеткіш бойынша оң динамика көрсетіп, әлемдік деңгейге ұмтылу жолында батыл қадамдар жасап келеді. Еліміз аталмыш рейтингте Азия елдері қатарында 10-орынды иеленіп отыр. Shakarim University де әлемдік стандартқа сай дамуын жолын жалғастыра бермек.
Бақытбек АСҚАР