Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген және ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген азаматқа қатысты тергеуді аяқтады.
Тергеу нәтижесінде күдіктінің қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат пен мүліктік активтерді пайдаланып, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алғаны дәлелденді. Атап айтқанда, ол шамамен 1,5 млрд теңге көлеміндегі заңсыз табысты жұбайының атына ресімделген нысандарды қоса алғанда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы люкс автокөліктерді, пәтерлерді, жер учаскелерін және басқа да жылжымайтын мүлікті сатып алуға жұмсаған.
Қаржылық тергеу барысында қосымша 1,7 млн АҚШ доллары (яғни 872 млн теңгеден астам) және күдікті мен оның жұбайының екінші деңгейлі банктердегі шоттарында жатқан 47 млн теңге анықталды. Бұл қаражаттардың барлығы қылмыс жасалған кезеңде алынған және олардың ресми кірістеріне сай келмейтіні белгілі болды.
2025 жылғы 16 маусымдағы сот қаулысымен анықталған барлық ақшалай қаражат пен мүліктік активтер мемлекет кірісіне тәркіленді.