Ақмола облысы, Жақсы ауданының 39 жастағы тұрғыны өз үйінің ауласында ірі көлемде қарасора өсіргені анықталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің үйінің ауласынан 900-ден астам қарасора бұтасы табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, тінту кезінде марихуана салынған, салмағы 500 граммды құрайтын пакет айғақ зат ретінде алынды.
Тәртіп сақшылары барлық есірткілік өсімдіктерді жойғанын мәлімдеді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды заңсыз өсіру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Ішкі істер органдары азаматтарды есірткі өсіру мен таратудың заң бойынша қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.