Ақтөбе қаласындағы Смағұлов көшесіне қар жауғанда асфальт төселді. Енді әкімдік мердігерді сотқа бермек.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көшеге асфальт төселуі тиіс болды. Тапсырыс беруші — Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігі. Алайда мердігер жазда емес, күз келіп, қар жауғанда асфальт төседі. Әлеуметтік желідегі бейнежазбадан асфальттың әп сәтте үгітіліп жатқанын көруге болады.
— «Alau Qurylys04» ЖШС Алматы ауданына ескертпей, өз бетімен асфальт әкелген бүгін. Алматы ауданы әкімдігінен өкілдер барып, мердігерге ескерту жасады, жұмысы қабылданбайтыны, келісімшарт үзілетіні ескертілді. Сотқа беріледі, — деді Алматы ауданы әкімдігінің сектор меңгерушісі Алмас Ержанұлы.
Еске салсақ, Ақтөбе қаласы Марат Оспанов көшесінде жол жөндеген мердігер жаңбыр күні жұмысын тоқтатпады. Олар асфальт жабындысына қажетті қоспаның сол уақытта дайын болғанын, ауа райы болжамында жаңбыр жауатыны көрсетпегенін, 5 жылдық кепілі бар екенін айтты.