Астана. 8 мамыр. BM.KZ – Air Astana әуе компаниясы Ақтөбеге ұшақтың мәжбүрлі қонуына қатысты түсініктіме берді.
8 мамырда Астана — Франкфурт бағыты бойынша KC921 рейсін орындайтын ұшақ Астанадан сағат 08: 54-те ұшып шығып, техникалық себеппен 11.34-те Ақтөбеге қонған.
Әуе кемесінің экипажы стандартты қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес қону туралы шешім қабылдады.
— Қону штаттық режимде өтті. Жолаушыларды одан әрі тасымалдау үшін әуе компания Алматыдан резервтік ұшақ жіберді және рейстің жолаушылармен Ақтөбе қаласынан ұшуы бүгін 14.20-ға жоспарланған, — делінген хабарламада.
Әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ экипаждың 9 мүшесі болған.
Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:34-те штаттық режимде қонды. Экипаж әуе кемесінің жедел пайдалану жөніндегі анықтамалығында (QRH – Quick Reference Handbook) көзделген рәсімдерге сәйкес әрекет етті. Қонғаннан кейін әуе кемесі тұрақ орнына өздігінен жетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әуежайдың авариялық-құтқару және тиісті жерүсті қызметтері жұмылдырылды.
Авиациялық оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе әуе кемесінің зақымдануы туралы ақпарат түскен жоқ.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес аталған авиациялық оқиға ауыр инцидент ретінде жіктеліп, оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті тергейтін болады.
Алғашқы іс-шараларды жүргізу және ақпарат жинау мақсатында авиациялық оқиға орнына Департамент қызметкерінің баруы жоспарланып отыр.
