Елордада екі айдан бері «Бақыт құшағында» атты мюзикл-фильмнің түсірілім жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Картинаның ерекшелігі – ол тұтасымен қазақ ән өнерінің классигі Шәмші Қалдаяқовтың әуезді шығармаларымен сүйемелденеді.
Мюзикл-фильмнің негізгі идеясы — Шәмші мұрасын насихаттау арқылы ұлттық өнерді, қазақ тілін және Астананың көркем келбетін көрерменге жеткізу. Жобаның басты мақсаты – көрерменнің жүрегіне рухани байлық пен ұлттық құндылықты ұялату.
Қойылымның хореографы Уәлитбек Сиязбектің айтуынша, би қойылымдарына кастингке екі мыңнан астам үміткер қатысқан. Солардың ішінен кәсіби деңгейі жоғары 50 биші іріктеліп алынған. Мюзикл үш өнер бағытын — актерлік шеберлік, би және вокалды — бір сахнада тоғыстырады.
Жобаның режиссері Санат Шапашов — Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі. Ол бұл туынды арқылы күрделі мюзикл жанрындағы алғашқы режиссерлік жұмысын ұсынбақ.
Фильмнің тұсаукесері Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне, яғни 23 қазанға жоспарланып отыр. Осы күннен бастап туынды еліміздің кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылады.