Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 27–29 мамыр аралығында Кенесары көшесінің Ә. Сембинова мен Е. Брусиловский көшелері арасындағы бөлігінде жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Аталған аумақта көлік қозғалысы толықтай тоқтатылады. Тұрғындар мен қала қонақтарына қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады. Қолайсыздықты азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.
Жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көлік қозғалысы қалпына келтіріледі.
Айтпақшы Есіл өзенінің жағалауындағы Кенесары ханның ескерткіші қалпына келтіріліп, бұрынғы орнына қайта орнатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Instagram парақшасында хабарлады.
«Астанадағы Кенесары ханның ескерткіші жөндеу жұмыстарынан өтіп, қайта орнатылды! Қазір ескерткіш айналасында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Кенесары ханның ескерткіші қайта жөнделетіні хабарланған болатын.