Астана. 8 мамыр. BM.KZ – Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Үнзила Шапақ, ал Сенаттан Бибігүл Жексенбай, Сергей Карплюк, Марат Қожаев, Андрей Лукин кірді. Комиссия төрайымы болып Үнзила Шапақ сайланды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, 1-тарауда Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі айқындалады.
2-тарауда Конституцияға сәйкес Президенттің өкілеттіктері белгіленген. 3-тарауда Вице-Президентті тағайындау тәртібі белгіленеді – оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайтын болады. 4-тарауда Конституцияда көзделген жағдайларда (Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның уақытша болмауы кезеңінде) конституциялық заң не заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылған. 5-тарауда ұсынылып отырған өзгерістер жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастай үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. 6 және 7-тараулар Президент қызметін қамтамасыз ету және экс-президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді. Олардың нормалары жаңа Конституцияға сәйкес нақтыланып, сәйкестендірілген.
— Конституциялық заңның қабылдануы – президент институтын мемлекетіміздің жаңартылған конституциялық моделіне сәйкес одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Бұл модельге сәйкес Қазақстан Республикасы – әділеттілік, заңдылық және адамға бағдарланған қағидаттарға негізделген мемлекет. Ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, — деді министр.
