Астана. 7 мамыр. BM.KZ – Қазақстандықтар дер кезінде қорғану үшін жеке деректерінің таралғаны туралы уақытылы хабардар болады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Заң жобасында жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты жеке нормалар көзделген. Айта кету керек, бұл өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғау туралы конституциялық норманы іске асыру мақсатында енгізіліп отыр. Біріншіден, заң жобасында жеке деректер операторларын санаттарға бөлу енгізіледі. Операторлар тәуекел деңгейіне қарай шағын, орта және ірі болып бөлінеді. Осыған байланысты талаптар да әртүрлі болады. Ірі операторларға және жабық деректермен жұмыс істейтін операторларға деректерді қорғау бойынша жоғары талаптар қойылады», – деді құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Осылайша жеке деректер саласында тәуекелге негізделген реттеу моделі енгізіледі. Екіншіден, заң жобасында жария болып кеткен жеке деректердің тізілімі енгізіледі.
«Әр азамат мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы қандай жеке деректері ашық тарап кеткенін тексере алады. Бұл адамдарға өз деректерін қорғау үшін дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жеке деректер жарияланған кезде және олармен алмасу кезінде қорғау талаптары күшейтіледі. Жеке деректерді маскалау және хэштеу талаптары енгізіледі. Мысалы, сот шешімдері немесе мемлекеттік сатып алуға қатысты құжаттар сияқты ашық жариялануы міндетті құжаттарға қатысты. Мұндай құжаттарда жеке ақпараттың көп көлемі болуы мүмкін», – деді ол.
Сонымен қатар операторлар арасында деректер алмасу кезінде де жеке деректерді шифрлау талаптары енгізіледі. Азаматтардың жеке деректерін ашық жариялауға келісім беру талаптары нақтыланады.
