Астана. 7 мамыр. BM.KZ – Аргентина мен Чилиге сапар жасаған круиздік лайнерде хантавирус жұқтыру деректері тіркелгеннен кейін, Нидерланды билігі жағдайды бақылауға алды. Бұл туралы ANEWZ хабарлады.
ДДҰ мәліметінше, вирус жұқтырғандар саны 8 адамға жеткен. Олардың үшеуінің диагнозы зертханалық түрде расталған. Арасында Нидерланды азаматы ерлі-зайыптылар мен Германия азаматы қайтыс болды.
Кемеден эвакуацияланған үш жолаушы Нидерландыға емделуге жіберілді. Олардың екеуінің жағдайы ауыр. Бұған дейін эвакуацияланған британдық жолаушы Оңтүстік Африкадағы жансақтау бөлімінде жатыр.
150-ге жуық жолаушысы бар лайнер үш күн ішінде Испанияның Тенерифе портына жетуі тиіс. Испания денсаулық сақтау министрлігі борттағы өзге адамдардан ауру белгілері анықталмағанын мәлімдеді.
Испания билігі шетелдік жолаушыларды өз елдеріне қайтаруды жоспарлап отыр. Ал 14 испан азаматы Мадридте карантиннен өтеді.
Круиз наурыз айында Аргентинаның Ушуайя қаласынан Антарктика экспедициясына шыққан. ДДҰ алдын ала болжам бойынша, вирус жұқтыру Аргентина аумағында болғанын айтады. Ұйым әзірге саяхатқа шектеу енгізген жоқ.
