Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Қуаныш Сұлтанов мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Отан» орденімен наградталды, деп хабарлайды Baimedia.kz.
Қуаныш Сұлтанов — қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, журналист, саясаттанушы. Ол тәуелсіз Қазақстанның алғашқы баспасөз және ақпарат министрі болды.
2016 жылы Сұлтанов елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елорданың атауын «Нұрсұлтан» немесе «Назарбаев» деп өзгертуді ұсынған.
«Тәуелсіздікке қалай жеткеніміз мәңгі есте қалуы керек. Конституциямызда Мемлекет басшысы әрі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетімізді салуға қосқан үлесін атап көрсетуді ұсынамын. Сондай-ақ, елбасының есімін елорда атауында және еліміздегі маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамын. Біздің мақсатымыз — елбасының жанында ынтымақта өмір сүріп, Мәңгілік Елдің құндылықтарын сақтай отырып, соның барлығын ұрпақтарымызға қалдыру», — деген еді ол.
Елордаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есім 2019 жылы берілді. Қаңтар оқиғасынан кейін қалаға Астана атауы қайтарылды.