Оқ жарақатын алған Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауруханадан шыққанын хабарлады.
Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді», – деп жазды Берденов.
Ол сондай-ақ отандық медицинаның деңгейіне жоғары баға беріп, дәрігерлердің кәсібилігі мен жанашырлығына алғыс білдірді.
«Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім», – деді ол.
Еске сала кетейік, 21 сәуірде Берденов оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілген болатын. Оқиғаның мән-жайы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басылымдар күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінде жұмыс істейді дейді.