Биыл Наурыз мейрамын Түркі әлемі қалай тойлайды?
Наурыз мерекесін атап өтетін мемлекеттердің арасында ең көп думандатып, демалатыны – әзербайжандар мен қазақстандықтар.
Құжат жүзінде Наурызды бүкіл дүниежүзі мерекелейді. 2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз-Навруз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Сол кезден бастап, жылда 21 наурыз – әлемде «Наурыздың халықаралық күні» ретінде бекітілді.
Ал іс жүзінде Әз-Наурызды Қазақстан мен Орталық Азия елдері, Иран, Балқан елдері, Түркия, бұрынғы Осман империясына кірген бірқатар мемлекеттер ресми немесе этностық деңгейде тойлайды. Бұрын Украина да оны атап өтуге мән беретін, бірақ соғыс өршігелі, биыл бұл елдің шат-шадыман мейрам ұйымдастыруға мүмкіндігі жоқ.
Әралуан ел Наурызды әртүрлі атап өтеді, ерекшеліктері жетерлік, тіпті мерекенің басты тағамы өзгешеленеді. Алайда олардың бәрін біріктіретін «темірқазық» бар: Наурыз күн мен түн теңелгенде, 21 наурызда атап өтіледі. Оның үстіне халықтардың бәрі Наурызды өз ұлт-ұлысының төл құндылығы, мәдениетінің ажырамас бөлігі деп таниды.