Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі, қазіргі Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров Baimedia.kz журналисіне берген сұхбатында салық мөлшерлемесі төмен болған күннің өзінде оны төлеуден жалтаратындар табылатынын айтты.
Сарапшылардың айтуынша, қосылған құн салығының өсуі шағын бизнесті тығырыққа тіреп, кәсіпкерлерді қайтадан қолма-қол ақшамен есеп айырысуға итермелеуі мүмкін.
«Салықты ешкім қуанып төлемейді деп үнемі айтып жүремін. ҚҚС мөлшерлемесі 20 пайыздан 16 пайызға, кейін 2009 жылы 12 пайызға дейін төмендеген кезде, басты мақсат көлеңкелі экономиканы азайту болды. Бірақ, өкінішке қарай, ол кезде көлеңкелі экономика да азайған жоқ. Адамдар бұрын салық төлеуден қалай қашса, солай жалғастыра берді. Тіпті салық тым төмен болған жағдайда да, оны төлеуден бас тартатын топтар табылады. Сондықтан салық түсімдерін ынталандыру қажет. (…) Жақсы табыс тауып отырғандардың барлығы салық төлеуі тиіс. Бұл – әр азаматтың міндеті», — деді Қуантыров.
Министр болып тұрған кезінде Қуантыров ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру туралы бастама көтерген еді, бірақ ол кезде бұл идея қолдау таппады. Енді үкімет дәл осы көрсеткішке қайта бет бұрып отыр. Осыған байланысты Қуантыровтан: «Бұрын сіз осыны ұсынғанда қолдамаған еді, енді үкімет сол мөлшерлемеге қайта оралды. Бұған ренжімейсіз бе?» деп сұрады.
«Ренжитін ештеңе жоқ. Мемлекеттік қызметте өкпе болмауы керек. Әркім өз ісін істесе болғаны», — деп жауап берді ол.
Еске сала кетейік, жаңа Салық кодексіне сәйкес Қазақстанда қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16% болып белгіленеді, ал міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылады.